Мағжан Жұмабаев - өлеңдері. Стихи на казахском языке - Магжан Жумабаев.

Түс
Мағжан Жұмабаев
Жарық сәуле, Айды, Күнді көрмеймін,
Жарты өлік, толық өмір сүрмеймін.
Қуанышты, азат жүрген халықтың
He істегенін, не дегенін білмеймін.
Қор болды ғой қалың қайрат, есіл күш,
Абақтыда қолдан келер қандай іс?
Ұйқы тілеп, көзді зорға жұмамын,
Амал қанша, жұбанышым жалғыз түс.
Қазан
Мағжан Жұмабаев
Қазан, қазан.
Сақар мен азан
Мешіт, таяқ,
Құран, арақ...
Сең
Мағжан Жұмабаев
Сары аяз - сүйген жар
Қайрылмай кеткен соң,
Қайратсыз қалың қар
Жылаумен біткен соң.
Жел сипап, Күн күліп,
Мазақ қып сүйген соң
Боларын бір сұмдық
Ішінен түйген соң
Қалың мұз кәрленіп,
Қара көк түс алды.
Еруге арланып,
Кетпекке ойланды.
Бұзыла-жарыла,
Антұрған аптықты.
Өзеннің жарына
Асығып соқтықты.
Барында шамасы,
Суыққа қашпақшы.
Мұз теңіз - анасы
Құшағын ашпақшы.
Өткен соң жаз алты ай,
Ашуын жимақшы.
Өзенді еркетай
Ойыннан тыймақшы.
Қалың мұз қара көк,
Ойлама құр бекер
Суыққа жетем деп,
Ыстық күн ерітер.
Сұр құлын
Мағжан Жұмабаев
Жазды күні сұр құлын
Сұлу еді сүліктей.
Құрық көрсе, құлдырап,
Жатушы еді еліктей.
Алдауға түсіп ұсталып,
Тұрғанда құлын байланып,
Жүруші еді Әлжан жанында
Сылап, сипап, айналып.
Қыс түсті, аяз, үскірік,
Көк мұздай бұлтсыз аспаны.
Отарда жатқан жылқыдан
Арық та келе бастады.
Топырлаған арықпен
Сұр да келді тыртиып.
Құлыншағын көргелі
Шыға келді Әлжан құнтиып.
Сұр құлын жоқ алдында -
Жалбыраған жабағы.
Томпиды аузы Әлжанның,
Салбырады қабағы.
Тілегім
Мағжан Жұмабаев
Қайғылы қыс қар, боранмен қорқытып,
Жанға рақат жайнаған жаз бітпесе,
Сылаңдаған алтын күнім тез өтіп,
Қайғы-мұңмен жас төгер шақ жетпесе.
Жасыл шешек, қызарған гүл солмаса
Қаны қашып, көркі бітіп, қуарып,
Періштедей жас қыз қатын болмаса,
Алмадайын қызыл беті суалып.
Алмаспаса, өзгермесе бұл дүние,
Жақсы-жаман тұрса өзінің қалпында!
Бірақ білген, солай қылған Тәңірі ие,
Мен де көндім, басымды идім алдында.
Берсін атам, малға сатпай, теңіме,
Маған жолдас ол мал болмас, ер болар!
Құр қызықсаң ата заты, тегіне,
Кезің нұры балаң өмірі шер болар.
Мейірімді Ием, таза, нәзік әйелді
Қара жүрек қазаққа неге жараттың?
Аһ, зар қылды, құлағына кім ілді?
Сорлыларды жауыздарға қараттың!..
Сырық мойын, біз мұрын
Мағжан Жұмабаев
Сырық мойын, біз мұрын,
Шіркін, тұздай көзіңіз.
Қыт-қытындай тауықтың
Құйылып тұр сөзіңіз.
Кірпіш еткенің ұнындай
Опа басқан жүзіңіз.
Жүз төңкеріп көзіңіз,
Жақындайсыз өзіңіз.
Сізге кім ғашық болмасын?
Мәселен, біз өзіміз...
Жел
Мағжан Жұмабаев
«Тәңірі ие, атпады ғой таңың!»- деп,
Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп.
Естіледі терезеден темірлі,
Тұрса керек тыста жүйрік жел гулеп.
Байқаймын: жел ұзақ жолда жабыққан,
Қасірет басып, Сарыарқадан тарыққан
Алып келсе керек ауыр аманат
Абақтыдағы азаматқа зарыққан.
Терезеден үйге кірмек болады,
Аманатты қолдан бермек болады.
Жол бермеген қатты қара темірді,
Ызаланып, зуылдап кеп ұрады.
Үй сілкініп, құлағандай болады,
«Жіберші!»- деп сұрағандай болады.
Қуат кеміп, қажыған соң, жүйрік жел
Өксіп-өксіп жылағандай болады.
Дене күйіп, желге құлақ саламын,
Жанып жүрек, көзіме жас аламын.
Жібермейді қара темір қайырымсыз
Еркін дала, Сарыарқамның сәлемін.
«Тәңірі ием, атпады ғой таңың!»- деп,
Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп.
Естіледі терезеден темірлі,
Тыста соғып жел уілдеп тұр гулеп.
Ата, бата
Мағжан Жұмабаев
Мектептен (қайтты) Марияш,
Әліппесі қолында.
Шақырады оны атасы:
«Кел, құлыным, кел мұнда».
Марияш:
«Ата, ата!»- дегенде,
Атасы:
«Кұлыным ата дейді ғой!»
Марияш:
«Бата, бата!»- дегенде,
Атасы:
«Құлыным бата дейді ғой!
Бата десең, қарт атаң
Айналсын сендей ботасын!
Оқы, құлыным, әлім бол,
Атаң берді батасын!».
Жатыр
Мағжан Жұмабаев
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр.
Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп,
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірінің рахметіне қанып жатыр.
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,
Қазекең таң қаларлық көпте жатыр.
Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,
Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.
Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс -
Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр.
Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр.
Астана, жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен күнге ұрып жатыр.
Біреулер оқып төре болып жатыр,
Шен алып, бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытып өзін- өзі бұл сабазың,
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр.
Шәкірттер медреседе шіріп жатыр,
Қайдағы ескі нұсқа көріп жатыр.
Оқыған, дін іздеген байғұс шәкірт
Жемтікші құзғын болып кіріп жатыр.
Әйелдер мал орнына жүріп жатыр,
Жас қызын малға, шалға беріп жатыр.
«Бес байтал - әйел құны» деген бір сөз
Қармаққа талай жасты іліп жатыр.
Дау-жанжал ел арасы толып жатыр,
Өзара талас-тартыс болып жатыр.
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр!
Ана
Мағжан Жұмабаев
Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошьшып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай...
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.
Адастым
Мағжан Жұмабаев
Артымда қазақ қалың ел,
Тақтақ жалғыз қара жол,
Кетіп бара жатыр ем.
Бейнетті, бітпес ұзын жол,
Отсыз, сусыз бетпақ шөл,
Мың мехнатқа батып ем.
Жұбаныш - жол біреу-ақ,
Үмітім алтын айдан да ақ,
Сонымен ойды жоюшы ем...
Далаға өлік жан салып,
Әлсін-әлсін ән салып,
Өлеңдетіп қоюшы ем...
Әлдеқайдан шу шықты,
Қып-қызыл қан-ту шықты,
Жердің жүзін түн басты.
Шегір көзді, сары шаш,
Бәрі тырдай жалаңаш,-
Жан-жағымды жын басты.
Әлденені бөлісіп,
Ыржиысып күлісіп,
Ән жер, мін жер жылт-жылт оқ.
Жел ұлиды, өкіред,
Жындар жалп-жалп секіред...
Қара жолдан сүрлеу жоқ.
Артымда елім бар еді,
Алдымда жолым бар еді,
Ел де жоқ қазір, жол да жоқ...
Табылар жолың, тарылма,
Жылама, жынға жалынба,
Таң атқанша күн де жоқ.
Күз
Мағжан Жұмабаев
Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған,
Көкорай түсі қашып солып тұрған.
Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне,
Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған.
Көрік жоқ ойда-қырда шығып жүрсең,
Естілмес құс, құрт даусы құлақ түрсең.
Қақтанған, жамыла түсіп, от маздатып,
Көресің кемпір-шалды үйге кірсең.
Масатыдай құлпырған жердің жүзі,
Аяқ бассаң - табанға өтер сызы.
Кемпір болған бет-аузы қатпарланып,-
Бұраңдаған кешегі сұлу қызы.
Қысқасы, жер жүзінде көрік біткен,
Қараған да, сұлу қыз қайта кеткен.
Жыламсырап, мұңайып жанды-жансыз,
Қатты аязды, қайырымсыз қысты күткен.
Осы уақыт шаһарға тұрсаң қарап,
Түрлі жұрт түрлі істе жүрген тарап,
Көше бойлап, оқуға шапшаң басып,
Шаттықпен жас балалар боқша арқалап.
Қыс, күз болмас оларға көңілсіз шақ,
Оқу біліп, айырар қара мен ақ.
Өнерленген дүниеге ұста болған,
Қолдарында олардың тәж бенен тақ .
Қарасаң сонда қазақ арасына,
Ойнаған жалаң аяқ баласына,
Кетеді іш елжіреп, жанып-күйіп,
Көңілдің тұз сепкендей жарасына.
Жас емір надандықта өткен босқа,
Оқымай, өнер қумай жазы-қыста.
Білімнен ат-тонымен қашқан қазақ
Сайлауға таласуға қандай ұста.
Баласын оқытумен жоқ жұмысы,
Ел бұзу, малын шашу - барлық ісі.
Ойлаған бір күн бұрын таңдағы істі,
Япырым-ау, айтсаңдаршы, бар ма кісі?
Басқа жұрт балалары оқу қуған,
Біліммен өз жұртының бетін жуған.
Ішіп-жеп, босқа жүрсе хайуан малдай,
Адамзат жер жүзіне не үшін туған?!
Қор болдық, өнер қумай, қайран елім!
Күш кетіп, талай жаннан көрдік керім.
Сұлық боп, жан шыққалы тұр таяулап,
Маңдайдан шып-шып шығып елім терің.
Бір биге
Мағжан Жұмабаев
Ә, биіміз, биіміз,
Түрленіп қапты үйіңіз,
Тым-ақ тәуір күйіңіз.
Байқаймын, мол ғой, тегінде,
Алатын елден сыйыңыз.
«Сен» деп сізге не дейін,
Тамұқта мәңгі күйіңіз!